Қазақстанда үйреншікті ХҚКО-лардың орнына AI-кеңселер пайда болады

Ulysmedia
ЖИ/Ulysmedia

Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) AI-кеңселерге айналады. Жаңа тұжырымдама бойынша жалпы кезек жүйесінен бас тартып, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін азаматтардың өз бетінше алуына мүмкіндік беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, AI-кеңселер 70/20/10 қағидаты бойынша үш аймаққа бөлінеді. Кеңсенің 70 пайызы негізгі экспресс-аймаққа бөлінеді. Мұнда келушілер цифрлық көмекші eGov GPT орнатылған терминалдар арқылы мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алады.

Қалған екі аймақ кеңес беру және оқытуға арналған. Қажет болған жағдайда азамат маманның көмегіне жүгіне алады.

Цифрлық кеңселер

Мәдиевтің айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн форматқа көшіп жатыр. Кейінгі жылдары азаматтардың операторларға тікелей жүгіну саны 30 пайызға азайған.

Осыған байланысты министрлік ХҚКО-ларды жаңа форматқа көшіру туралы шешім қабылдаған.

– Алғашқы заманауи кеңсе биыл 4 маусымда Жезқазған қаласында ашылды. Кейін цифрлық кеңселер Түркістан, Астана және Сәтбаев қалаларында жұмысын бастады. Бірнеше айдың ішінде цифрлық кеңселер 4 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті. Қалған өңірлердің әкімдіктері бұл жұмысты жеделдетуі қажет, – деді ол.