Литва Қазақстан азаматтары тұруға ықтиярхат алуға құжат тапсырып, көші-қон рәсімдерін бастай алатын орталықтарды жабу туралы шешім қабылдады. Мұндай шешімді елдің 3шкі істер министрі Мартинас Кателинас қабылдаған. Шектеу Қырғызстан, Өзбекстан және Босния мен Герцеговинаға да қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Себебі - қауіпсіздік мәселесі
Кателинастың айтуынша, бұл шешім терроризмге қатысты ықтимал қауіптерді бағалағаннан кейін қабылданған.
- Қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен терроризм қаупін бағалай келе, мұндай өкілдіктерді ,бұл елдерде сақтауға негіз көріп отырған жоқпын, - деп жазды министр.
Оның сөзінше, Литваның арнайы қызметтері ықтимал қауіптер жөнінде ескертіп, Орталық Азиядан келгендердің арасынан радикалды көзқарастағы немесе терроризммен байланысы болуы мүмкін адамдарды анықтаған.
- Мемлекет қауіптің оқиғаға ұласуын күтіп отыра алмайды, - деді Кателинас.
Жаңа кеңселер ашылмайды
Министр төрт жұмыс істеп тұрған орталық жабылатынын, ал мұндай форматтағы жаңа өкілдіктер ашу жоспарланбағанын айтты.
Бұл орталықтар шетел азаматтары мен Литваның мемлекеттік органдары арасында делдал қызметін атқарған. Олар тұруға ықтиярхат алуға қажет құжаттарды қабылдап, көші-қон рәсімдерін бастауға көмектескен.
Кателинас болашақта Литва шетелде тұрып жатқан азаматтардан тұруға ықтиярхат құжаттарын қабылдайтын сыртқы компаниялардың қызметінен мүлде бас тартуы мүмкін екенін де айтты.
Оның сөзінше, елдің жаңа көші-қон саясаты уақытша еңбек көші-қонына көбірек бағытталуы ықтимал.