Алматылық белсенділер Көкжайлаудағы құрылысқа қатысты халықаралық қауымдастыққа үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Қоғам белсенділері БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерришке Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағынан бейнеүндеу жолдады. Белсенді әйел тау мен орманның аясында халықаралық қауымдастықтан көмек сұрап, елдің бірегей экожүйесінен айырылу қаупі төніп тұрған кезде үнсіз қала алмайтынын айтты.
Оның сөзінше, мұндай табиғи ортаны бір ұрпақтың ғұмырында қайта қалпына келтіру мүмкін емес.
– 2019 жылы Қазақстан президенті мұнда тау-шаңғы курортын салу жобасын тоқтатып, бұл мәселеге қайта оралмауымыз керегін айтты. Бүгінде жоба «Almaty Super Ski» деген жаңа атаумен оралды. Ұйымдастырушылар жұмыс орындары, туризм және экономикалық даму туралы айтып отыр. Бірақ ежелгі орманды кесуді қандай даму ақтай алады? – деді белсенді БҰҰ бас хатшысына жолдаған үндеуінде.
Экологтардың айтуынша, Көкжайлау – жай ғана көрікті жер емес, жабайы жануарлардың табиғи мекені әрі ерекше қорғалатын табиғи аумақ.
Белсенділердің мәліметінше, «Almaty Super Ski» жобасының жаңа құжаттамасына сәйкес, 2 627 ағашты кесу жоспарланып отыр. Олардың кейбірінің жасы 100-150 жылға жетеді.
Шатқалды қорғаушылар ұлттық парк мәртебесі билікті биоалуантүрлілікті сақтауға міндеттейтінін, ал аумақты коммерциялық нысандар салуға беруге болмайтынын атап өтті.
Белсенділер Антониу Гутерриш пен БҰҰ құрылымдарынан жағдайға араласуды, халықаралық қауымдастықтың назарын аударуды және Көкжайлауды болашақ ұрпақ үшін сақтап қалуға көмектесуді өтінді.
Контекст
Бұған дейін Көкжайлау шаңғы курорты мен Алматы тау кластерін салу төңірегіндегі дау туралы жазғанбыз.
Жоба авторлары құрылыстың табиғатқа ешқандай зияны жоқ, ұлттық саябақ жері жекенің қолына өтпейді десе, экобелсенділер олардың бұл пікірімен келіспейді. Олар «Көкжайлауға курорт салу шатқалға орасан зор зиян келтіреді. Аспалы жол салу ағаштарды қырқуға, өзен суларының басын бууға алып келеді» деген уәж айтып отыр.