Алакөл жағасында ондаған балық қырылып қалған

Ulysmedia
Видео кадры

Алакөлде демалып жүргендер жағада және су ішінде қырылып жатқан балықтардың видеосын жариялай бастады. Куәгерлердің айтуынша, мұндай жағдай бірнеше күннен бері байқалып жүр, әрі қырылған балық саны көбейіп келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Threads қолданушысы Лариса Кулишкина 14 тамызда Алакөлде демалғанын және үш күн қатарынан қырылған балықтарды көргенін айтты. Оның сөзінше, бір күн бұрын ғана 20-ға жуық өлі балық жиналған.

– Мұны аптап ыстықтан деп айтып жатыр. Бірақ біз мұнда бұрын да қатты ыстық кезде болғанбыз, сонда мұнша өлі балық көрмеген едік. Бұл экологиялық апатқа ұқсайды, – деді ол.

Тағы бір қазақстандық Валерия да көл жағасындағы өлі балықтардың суреттерін бөлісті.

– Желбезектерінің ашық жатқаны қызық. Мұндайды алғаш рет көріп тұрмын, – деп жазды ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі не деді?

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ulysmedia.kz-ке 14 тамызда балық инспекциясының қызметкерлері Алакөлдің «Ақши-Көктұма» аумағындағы оңтүстік және солтүстік жағалаулардан өлі балықтар тапқанын растады.

Тексеру кезінде мамандар жағалаудан 50 өлі көксерке жинаған.

Сонымен қатар, ведомство әзірге көлдің өзінде балықтардың жаппай қырылу белгілері анықталмағанын мәлімдеді.

– Табылған өлі балықтарды белгісіз адамдар жағаға шығарып тастауы мүмкін деген болжам бар, – деп хабарлады министрлік.

Мамандар оқиға орнында зерттеу мен тексеруді жалғастырып жатыр. Өлі балықтардың нақты неден пайда болғаны сараптама аяқталғаннан кейін белгілі болады.