Жамбыл облысында 19 жастағы бойжеткен өзіне қол жұмсады. Қайтыс боларынан бұрын ол құрбысына күйеуімен жанжалдасып жүргенін жазып, соққыға жығылғанын айтқан және отбасынан кеткісі келетінін жеткізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Марқұм Мадина Рашидқызы Өзбекстан азаматы болған. Ол күйеуімен бірге Меркі ауданында екі жылға жуық тұрған. Ерлі-зайыптының сегіз айлық баласы қалды.
Мадинаның құрбысы Зейнеп Threads желісінде бойжеткеннің отбасындағы жанжалдар туралы бірнеше рет айтқанын және күйеуінің қол көтеретінін жазды. Зейнеп оның денесіндегі көгерген іздерді өз көзімен көргенін, Мадинаның жарақаттарының суреттерін де жіберіп отырғанын айтады.
Қайтыс боларынан бұрын Мадина күйеуімен тағы жанжалдасқанын жазған. Құрбысының айтуынша, жанжал балаға сатып алынған тәттіні Мадинаның өзі жеп қойғанынан басталған. Мадина хат алмасу кезінде осыдан кейін күйеуі өзін ұрғанын айтқан.
Келесі күні ол жиналған заттарының суретін жіберіп, үйден кететінін және ажырасқысы келетінін жазған.
Осыдан кейін Мадина құрбысынан 15 мың теңге қарызға сұраған. Зейнептің айтуынша, қолында қажетті сома болмаған. Кейін оған Мадинаның қайтыс болғанын хабарлаған.
Полиция не деді?
Жамбыл облысы полиция департаментінің мәліметінше, адамды өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу бабы бойынша соталды тергеу басталды.
– Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп толықтырды ведомство өкілдері.