Қазақстанда мәдениет саласының өкілдеріне арналған жаңа мемлекеттік наградалар пайда болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын мемлекеттік наградалардың ресми тізіміне енгізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Кімдер марапатталады?
Президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың айтуынша, жаңа наградалар ұлттық мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосқан қазақстандықтарға табысталады.
– Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға сүбелі үлес қосқан азаматтарға беріледі, – деді ол.
Ақорда ұлттық мәдениетті қолдау жаңа Конституцияда мемлекеттің маңызды қағидаттарының бірі ретінде бекітілгенін атап өтті.
Қазақстан әнұраны музыкасының авторы
Шәмші Қалдаяқов – қазақтың ең танымал композиторларының бірі. Ол «қазақ вальсінің королі» атанған.
Ол 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысының Отырар ауданында дүниеге келген. Кейін Ташкент пен Алматыда музыка мамандығы бойынша білім алды.
Қалдаяқов қазіргі қазақ эстрадасының қалыптасып, дамуына үлкен ықпал еткен өнер иелерінің бірі болды. Оның шығармаларында еуропалық вальс үлгісі қазақы әуенмен үйлесім тапты.
Композитордың ең танымал музыкасы – 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным». Уақыт өте бұл ән елдегі ең танымал туындылардың біріне айналды. 2006 жылы мәтініне өзгеріс енгізілгеннен кейін Қазақстанның Мемлекеттік әнұраны ретінде бекітілді.
1991 жылы Шәмші Қалдаяқовқа Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. 2022 жылы оған қайтыс болғаннан кейін Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.