Балаева әлеуметтік желідегі жаппай бұғаттауларға қатысты қауесетке жауап берді

Ulysmedia
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлау науқаны кезінде БАҚ пен блогерлердің жұмысына шектеу қойылып жатқаны туралы қауесеттерге қатысты түсінік берді. Вице-премьер мемлекеттің аккаунттарды бұғаттауға қатысы жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министрліктің бұған қатысы жоқ

Аида Балаева билік органдары әлеуметтік желілерде журналистер мен блогерлердің жаппай бұғатталуының артында тұр деген қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның айтуынша, саяси процестер қызған шақта мемлекетті цензор ретінде көрсету – мемлекеттік институттардың беделін түсіруге бағытталған әрекет.

– Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес, – деді вице-премьер.

Шенеунік «Масс-медиа туралы» заң журналистерге түсірілім жүргізуге және ақпарат таратуға толық құқық беретінін еске салды. Сонымен бірге адамды оның келісімінсіз камераға түсіруге тек үш жағдайда рұқсат етіледі. Олар – қоғамдық және бұқаралық іс-шаралар кезінде, түсірілген кадрлар адамның қызметтік міндетіне қатысты болған жағдайда немесе ол ақпаратты өзі бұған дейін жарияласа, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында.

Мәртебе жауапкершіліктен құтқармайды

Алайда сөз бостандығын қолдау туралы мәлімдемеден кейін вице-премьер ақпараттық кеңістікте заңсыздыққа жол берілмейтінін қатаң ескертті. Ол заңды журналистика мен құқыққа қайшы контенттің аражігін ажыратып, жазылушылар саны да, қоғамдағы мәртебе де жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.

– Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең. Осы ұстаным «Заң мен тәртіп» қағидатының мазмұнын айқындайды, – деп жазды Аида Балаева.

Министр сондай-ақ әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге үндеді.