Алматы полициясы КИМЭП студентінің оқытушылардың біріне қатысты жыныстық сипаттағы тиісу туралы шағымынан кейін тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Студенттің әкесі, КИМЭП әлеуметтік ғылымдар факультетінің бұрынғы деканы Джейсон Гейнос 20 жастағы қызы оқытушының орынсыз әрекетіне тап болғанын айтқан.
Оның сөзінше, оқытушы студенттің жеке шекарасын бұзып, үстел астында аяғына бірнеше рет қол тигізген және сексуалдық сипаттағы пікірлер айтқан. Студент сондай-ақ басқа қыздарға қатысты да осындай жағдайлар болғанын жеткізген.
Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл деректер бойынша тексеру жүріп жатқанын растады.
– Тексеру барысында өтініште көрсетілген мән-жайлар зерделеніп, іске қатысты барлық маңызды ақпарат анықталады. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданады, – деді полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.
Джейсон Гейностың айтуынша, арыздан кейін қызын түнгі уақытта университет аумағына шақырған. Сол жерде полиция қызметкерлері, оқытушы және КИМЭП проректоры Тимоти Барнетт болған.
Әкесі осы жағдайдан кейін қызының кампусқа баруға қорқып қалғанын мәлімдеді.
КИМЭП бұған дейін студенттің шағым түсіргенін растағанымен, онда көрсетілген жайттарды растайтын дәлелдер табылмағанын хабарлаған. Университет барлық шағым Қазақстан заңнамасы мен оқу орнының ішкі ережелеріне сәйкес қаралатынын мәлімдеді.
Енді істің мән-жайын құқық қорғау органдары анықтайды.
КИМЭП не деді?
Университет бұған дейін студенттің шағым түсіргенін растаған. Алайда КИМЭП өкілдері арызда көрсетілген жайттарды растайтын дәлелдер табылмағанын мәлімдеді.
Университет сондай-ақ барлық шағым Қазақстан заңнамасы мен оқу орнының ішкі ережелеріне сәйкес қаралатынын айтқан. КИМЭП-тің хабарлауынша, университет полицияға хабар бергеннен кейін барлық тарап алғашқы тексеруге қатысу үшін полицияға шақырылған.
Енді істің мән-жайын құқық қорғау органдары тексеріп жатыр.
Айта кетейік, Джейсон Гейнос университет басшылығымен болған жанжалдан кейін декан қызметінен кеткен.