Тоқаев Әріновке ауылдардың өрт қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

Ulysmedia

Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновті қабылдады. Министр президентке ведомство жұмысының нәтижесі, азаматтық қорғаныс жүйесін жаңғырту барысы және алдағы кезеңге арналған жоспар жөнінде баяндады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Ақорданың хабарлауынша, президентке Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасын нығайту шаралары таныстырылды. Кейінгі екі жылда бөлімшелер 1,4 мыңнан астам техника, авиация, заманауи құтқару жабдықтары, ұшқышсыз ұшу аппараттары және байланыс құралдарымен толықтырылды. Бұл еліміздің барлық өңірінің төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін айтарлықтай арттырды. Сонымен қатар министрлікке қарасты бөлімшелерді жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

– Шыңғыс Әрінов бөлімшелер желісін дамыту мәселесіне тоқталып, жаңа әмбебап құтқару құрылымдары, авиация және теңіз жасақтары құрылғаны жөнінде айтты. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 237 ерікті өрт сөндіру бекеті салынған. Олар шамамен 700 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Халықты жаппай шұғыл хабардар ету жүйесін дамыту жұмыстары жалғасып, Ахуалдық орталықтың мүмкіндіктері кеңейтіліп жатыр. Сондай-ақ табиғи өртті ерте анықтау жүйелері біріктіріліп жатыр, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомство қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары туралы мәлімет берілді. Құтқарушыларға тұрғын үй төлемдері қарастырылған. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері үшін арнайы тұрғын үй кластерін құру жобасы қолға алынды. Аталған бастама өрт сөндіру бөлімдері мен құтқару базаларының жанында қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй кешендерін салуды көздейді.

Президент министрліктің азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша атқарып жатқан жұмысқа жақсы баға берді.

Тоқаев жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, аудандық және ауылдық құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту іс-шараларын жалғастыру, заманауи технологиялар енгізу және өрт қауіпсіздігі деңгейін көтеру жөнінде тапсырма берді.

Өңірлердегі өрттер

Айта кетейік, қазір өңірлерде табиғи өрттер өршіп тұр. Бұған дейін Ulysmedia.kz Аягөз ауданындағы ірі дала өрті туралы жазған еді. Жергілікті тұрғындар өрт сөндіру техникасының жетіспейтінін айтып, тілсіз жаумен бар болғаны бір өрт сөндіру көлігі күресіп жатқанын айтақн еді. Ауыл тұрғындары елді мекенге, шабындықтарға және қысқа дайындалған мал азығына алаңдаулы.

18 тамыз таңертеңгі жағдай бойынша, аумағы 75 гектарды шарпыған өртті оқшаулау мүмкін болды. ТЖД мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстарына 88 адам мен 18 техника жұмылдырылған. Елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ.

Ал оның алдында осындай шағым Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы тұрғындарынан да түскен. Ол кезде де тұрғындар өртті сөндіруге қосымша техника жіберуді сұраған.