19 жылдан кейін табылды: қыз Алматы тауларынан әкесін рюкзагы арқылы таныған

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Алматы облысындағы Северцов мұздығынан туристер тапқан адам сүйегі 2007 жылы жоғалып кеткен альпинистікі болып шықты. Бұл туралы оның қызы Нелля Михеева мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Әйелдің айтуынша, таңертең құрбысы оған таудан адам сүйегі табылғаны туралы ақпаратты жіберіп, мәйіттің жанында жатқан рюкзакқа назар аударған.

Нелля бірден әкесінің тауға шыққанда пайдаланған ескі рюкзагын таныған. Оның сөзінше, 2007 жылы дәл осы жерде дәл сондай жабдықпен басқа адамның болуы екіталай.

Осыдан кейін әйел Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарласқан. Құтқарушылар оған тергеушінің байланысын берген. Отбасы тергеушіге әкесінің сақталған құжаттары мен тауға шыққан кездегі жабдықтары көрінетін фотосуреттерін жіберген.

Кейін тергеуші таудан табылған рюкзактың ішінен Нелляның әкесінің атына берілген куәлік табылғанын хабарлаған.

– 19 жылдан кейін әкемнің сүйегі табылды. Северцов мұздығы еріп, Беларусьтен келген туристер әкемнің сүйегі мен рюкзагын тауып алған. Жолай өтіп кетпей, назар аударғандары үшін оларға үлкен рақмет, – деді Михеева.

Оның айтуынша, бұл күн отбасы үшін әрі қайғылы, әрі көптен күткен сәт болды.

– Оқиғаның осындай қайғылы түрде болса да аяқталғанына, ақыры оның табылғанына және денесін жер қойнына тапсыра алатынымызға қуанамыз. Бірақ сонымен бірге осының бәрін қайта бастан өткеру өте ауыр, – деді ол.

Мәйіт тікұшақпен таудан түсірілді

Адам сүйегін Талғар ауданындағы Северцов мұздығы маңынан Беларусьтен келген туристер тобы тапқан. Бұл аймақ биік таулы әрі құтқарушылардың баруы қиын жерде орналасқан.

Оқиға туралы хабар түскеннен кейін ол жерге Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері жіберілді. Сүйекті эвакуациялау үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылды.

Адам сүйегі мұздықтан төмен түсіріліп, Алматы облысының жедел-тергеу тобына тапсырылды.