30 тамызда Қазақстанның бірнеше өңірінде күн райы күрт бұзылады. Бірнеше облыста нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпінді жел б. Ал елдің солтүстігінде түнде үсік жүріп, жаңбырдың арты қар аралас жаңбырға ұласуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Ақмола облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Өңірдің шығысында нөсер жаңбыр жауады. Кей жерлерде желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Павлодар облысының оңтүстігі мен шығысында күндіз жаңбыр, найзағай және бұршақ жаууы мүмкін. Түнде және таңертең тұман түседі.
Қарағанды облысында таңертең және күндіз жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауылды жел болжанып отыр. Кей жерлерде жел 23 м/с-қа дейін күшейеді.
Абай облысында да жаңбыр, найзағай және бұршақ жауады. Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел соғады.
Қызылорда облысында синоптиктер найзағай, екпінді жел және шаңды дауыл болатынын ескертеді. Түркістан облысының солтүстігінде де шаңды дауыл болуы мүмкін.
Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында жауын-шашын негізінен таулы аймақтарда болжанып отыр.
Солтүстікте үсік пен қар аралас жаңбыр
Елдің солтүстігінде ауа райы айтарлықтай суытады. 30-31 тамызға қараған түні Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ауа температурасы кей жерлерде -1...-3 °C-қа дейін төмендейді. Жекелеген аудандарда жаңбырдың арты қар аралас жаңбырға ұласуы ықтимал.
Кейін үсік Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Абай облысына да жетеді.
Астанада 30 тамызда кей уақытта жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Ал 31 тамызға қараған түні топырақ бетінде -1 °C-қа дейін үсік жүруі мүмкін.
Сонымен қатар еліміздің батысы мен оңтүстігінде өрт қаупі жоғары және өте жоғары деңгейде сақталады.