Түркістан облысында анасын жерлеген ұлы мен келіні сол күні кісі қолынан қаза тапты

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Күндіз туыстары кейуананы жерлеген. Жаназа намазынан кейін оның ұлы мен келіні үйге қайтқан. Бірнеше сағаттан соң ерлі-зайыпты пышақ жарақатынан қаза тапқан. Көршілердің айтуынша, марқұм әйелдің күйеуі полицияға өзі хабарласып, екі адамды өлтіргенін айтқан. Оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр.

Анасымен қоштасуға келген

Кісі өлімі болған үйде егде жастағы ерлі-зайыпты тұрған. Кейінгі бес айда әйел төсек тартып жатқан, ал күйеуі оған күтім жасаған.

Жақында әйел қайтыс болған. Жерлеу рәсіміне Қызылордадан оның ұлы мен келіні келген. Қоштасу рәсімінен кейін туыстары үйге оралған. Көршілердің айтуынша, сол жерде жанжал басталған. Жергілікті тұрғындар бұған дейін қарт ер адам туралы жаман сөз естімегендерін айтады.

– Екі адамды пышақпен жарақаттаған дейді. Бұл зейнеткер әйеліне өзі күтім жасап жүрді, бұрын одан ешқандай жамандық көрмедік. Біз оны сырттай ғана білетінбіз. Бәлкім, ұлы одан үйден кетуін сұраған шығар. Мүмкін, тұрғын үйге қатысты жанжалдасып қалған болар, үйді бөлісу мәселесі туындаған шығар, – деп болжады көршілердің бірі.

Жанжалға үй мәселесі себеп болуы мүмкін деген нұсқаны басқа көршілер де айтқан.

– Бұған дейін бұл үйге бір әйелдің кіріп-шығып жүргенін көретінбіз. Кейін оның қайтыс болғанын естідік. Қазір адамдар әртүрлі нәрсе айтып жатыр. Кейбіреулер жанжал үйге байланысты болуы мүмкін деп санайды.

– Күндіз әйелді жерледі, кейін жаназа намазы оқылды. Осыдан соң ер адам жерлеуден үйге келіп, келіні және ұлымен жанжалдаса бастаған. Нақты не болғанын білмеймін, бірақ оны пышақпен жарақаттады деп жатыр. Біреуі аулада, екіншісі үйдің ішінде жатқан, – деді куәгерлер.

Ерлі-зайыпты жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған.

Полицияға өзі хабарласқан

Қылмыстан кейін қарт ер адам қашып кетуге тырыспаған. Ол полицияға өзі қоңырау шалып, екі адамды өлтіргенін хабарлаған деген ақпарат бар.

– Кейін полиция қызметкерлерінің келіп, оны алып кеткенін көрдік, – дейді көршілер.

Жанжалдың нақты неден шыққаны және туыстар арасында үйге байланысты дау болған-болмағанын тергеу анықтауға тиіс. Полиция әзірше қылмысқа қатысты түсінік берген жоқ.