Павлодар облысында алты жұмысшының өліміне депутатқа тиесілі компания кінәлі деп танылды

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Павлодар облысындағы сүт фермасында алты жұмысшының қаза болуына қатысты тергеуді Үкімет комиссиясы аяқтап, барлық кінәні «Aqtogai Milk» ЖШС-не жүктеді. Компанияның кінә деңгейі 100% деп танылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Не болды?

Қайғылы оқиға 20 шілдеде Ақтоғай ауданындағы Жоламан ауылында болған. Жұмысшылар ферма аумағындағы кәріз құдығында электр сорғысының ақауын жөндеп жатқан. Олардың бірі күкіртсутегінен уланып қалған.

Оны құтқармақ болған басқа жұмысшылар да кезек-кезек құдыққа түсіп, соның салдарынан қаза тапты. Барлығы алты адам көз жұмды. Қаза болғандардың арасында 17 және 20 жастағы екі ұлы бар әкесі де болған.

Уланудан зардап шеккен жалғыз тірі қалған жұмысшы ауруханаға жеткізілді.

Неліктен жұмысшылар қаза тапты?

Комиссия жұмысшыларға қауіпті жағдайда қауіпсіз жұмыс істеу әдістері үйретілмегенін және қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмегенін анықтады.

Сонымен қатар құдықтағы жұмыс қауіпті жағдай туындаған кезде адамдарды құтқару мүмкін болмайтындай етіп ұйымдастырылған.

Ферма кімге тиесілі?

«Aqtogai Milk» ЖШС Павлодар облысындағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны «Ақтоғай-Агро» құрылымына кіреді. Компанияның бенефициары — облыстық мәслихат депутаты Александр Терентьев.

Тамыз айында Терентьев тағы екі күдіктімен бірге қылмыстық іс бойынша ұсталған. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қайғылы оқиғадан кейін Терентьев қаза болғандардың отбасыларына көмектесуге уәде берген. Атап айтқанда, материалдық көмек көрсетіп, жыл соңына дейін жалақыларын төлеуге және несиелерін өтеуге жәрдемдесетінін айтқан.