Қордайда гарнизон аумағындағы қоқыс жәшігінен жаңа туған сәби табылды

Сырым Қаржас

Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Гвардиялық гарнизон аумағында қоқыс контейнерінен жаңа туған сәби табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сәбиді қоқыстың арасынан тапқан

Алдын ала мәлімет бойынша, табылған сәби – қыз бала. Оны медицина қызметкерлеріне тапсырған. Қазір нәресте ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр, өміріне қауіп жоқ.

Ақпаратты аудандық полиция бөлімі растады. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барып, жұмыс жүргізіп жатыр.

Жаңа туған баланы қауіпті жағдайда қалдыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

– Қазіргі уақытта баланың анасының жеке басын анықтауға және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жедел-іздестіру және тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Бала қазір медициналық мекемеде. Жағдайы тұрақты, өміріне қауіп жоқ, – деп хабарлады Жамбыл облысы полиция департаменті.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес істің өзге де мән-жайлары әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.

Контекст

Бұған дейін Астанада осыған ұқсас жағдай болған. Hot Room қонақүйінің кәріз жүйесінен жаңа туған сәбидің денесі табылған. Полиция оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 29 жастағы әйелді ұстаған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Полицияның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері қонақүйге қатысты 19 шағым түскен. Сонымен қатар нысан иесіне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілген.