Құрылтай әкімшілігі БАҚ өкілдері үшін жұмыстың жаңа форматына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Енді тек баспасөз орталығы арқылы
Бұдан былай БАҚ өкілдерінің депутаттармен және шақырылған Үкімет мүшелерімен барлық коммуникациясы баспасөз орталығында және Құрылтайдың күн тәртібі аясында өтуге тиіс. Бұл туралы аппарат басшысының орынбасары Болат Қальянбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, әкімшілік тұрақты түрде брифингтер ұйымдастырып отырады.
Күн тәртібінен тыс сұрақтар не болады?
Егер журналистің Құрылтай күн тәртібіне қатысы жоқ сұрағы болса, оны кулуарда депутатқа тікелей қоя алмайды. Мұндай жағдайда БАҚ өкілдеріне Құрылтайдың немесе саяси партияның баспасөз қызметіне жүгіну ұсынылады.
— Құрылтайда ұсынылып отырған жаңашылдықтар Қазақстан Республикасының заңнамасына және БАҚ-ты аккредиттеудің үлгілік қағидаларына толық сәйкес келеді. Жоғарыда аталған тәсілдер бекітілетін жаңа аккредиттеу ережелерін Құрылтай бюросы мақұлдайды. Сонымен қатар Құрылтай ғимараты күзетілетін нысан екенін және онда баршаға міндетті өткізу және ішкі нысандық режим талаптары қолданылатынын атап өткен жөн, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Контекст
Еске салайық, бір палаталы Парламенттің алғашқы пленарлық отырысында журналистер депутаттардың орнына фойе мен халық қалаулыларына арналған лифттердің алдында қойылған қызыл қоршау ленталарын көрген еді. Ал екінші отырысқа қарай бұрын журналистер мен депутаттар кофе іше алатын буфет те «қоршаудың ар жағында» қалды.
Сол күні бұл кедергілердің не үшін қойылғанына қатысты әкімшілік нақты түсініктеме берген жоқ. Алайда Ulysmedia.kz тілшілеріне депутаттар өз нұсқаларын айтқан болатын. Енді сол депутаттардың өздеріне Парламент ғимаратында жақындауға болмайтын болып отыр…