Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметінен босатылды

Сырым Қаржас
Primeminster.kz

Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Мемлекет басшысы тиісті Жарлыққа қол қойды.

– Мемлекет басшысының жарлығымен Марат Елеусізұлы Сұлтанғазиев Алматы облысының әкімі лауазымынан босатылды, – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Марат Сұлтанғазиев туралы не белгілі?

Марат Сұлтанғазиев 50 жаста. Ол Алматы облысының тумасы. Бүкіл еңбек жолын салық және қаржы саласында өткізген. Алматының Әуезов ауданында инспектор болып бастаған ол Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасына дейін көтерілді. Сондай-ақ вице-министр және қаржы вице-министрінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Алматы облысын 2022 жылдың маусымынан бері басқарды.

Сұлтанғазиев бірнеше рет даудың ортасында қалған. Ең үлкен шу 2025 жылдың жазында болды. Сол кезде Алматының элиталық ауданындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін облысқа көшіру үшін полиция тартылған. Жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі араласуға мәжбүр болды, ал Президент әкімшілігі қызметтік тексеру бастаған.

Осыдан бірнеше ай бұрын Сұлтанғазиев балалармен кездесіп, олардың оқуын қалыпты ортада жалғастыратынын уәде еткен. Алайда ол сөзінде тұрмады. Сол кезде мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек «уәдесін үйіп-төккен» әкімнің отставкаға кетуін талап еткен.

Инвесторлармен мәселелер

Шетелдік инвесторларға деген көзқарасына қатысты да сын айтылды.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімі бойынша аурухана салған үндістандық IAMS компаниясы бірнеше жыл бойы әкімдіктен инженерлік желілерге қосылуға рұқсат ала алмай келген. Соның салдарынан аурухана құдық суын пайдаланған.

Компания Халықаралық қаржы орталығы «Астана» сотында жеңіске жеткенімен, бұл жағдайды айтарлықтай өзгерте қоймады. Нәтижесінде IAMS Қонаевты дамытуға 35 млрд теңге инвестиция салу жоспарынан бас тартып, меморандумды біржақты тәртіппен бұзды.

— Үш жыл ішінде әкім біздің нысанымызға бір рет те келген жоқ. Ал біз облыстағы ең ірі медициналық нысанбыз, — деген еді IAMS басқарушы директоры Наджхаван Рупал.

Қаржылық заң бұзушылықтар

Жоғары аудиторлық палата екі жыл қатарынан облыста заң бұзушылықтар болғанын анықтады.

«Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бағаны тұрақтандыруға бөлінген 4 млрд теңгенің тек 38 пайызын мақсатты түрде пайдаланған. Қалған 2,5 млрд теңге облыста баға өсіп жатқан кезде банк депозиттерінде сақталған.

Алматы облысының жаңа әкімі кім болатыны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ. Бұған дейін Алматы облысының әкімі қызметіне жуырда Төтенше жағдайлар министрлігін басқарған Шыңғыс Әріновтың тағайындалуы мүмкін екенін жазған едік.

Кеше Әрінов төтенше жағдайлар министрі қызметінен босатылды. Ведомство оның 940 күндік жұмысының қорытындысын ресми түрде жариялап үлгерді. Ал министрлік басшылығына Мұрат Мұханов тағайындалды.

Бүгін, 4 қыркүйекте Қонаев қаласында облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары жаңа әкімнің кандидатурасын келісу үшін жиналады.