Адам ұрлау, бопсалау және қаруды заңсыз сақтау — Қазақстандағы қылмыстық топ мүшелеріне бірқатар ауыр қылмыс бойынша айып тағылып отыр. Жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті полициямен бірлесіп, 24 қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция және прокуратура органдарымен бірлесіп, ұйымдасқан қылмысқа қарсы ауқымды арнайы операция жүргізді. 2026 жылдың басынан бері күштік құрылымдар елдің әр өңірінде 24 қылмыстық топтың қызметін тоқтатқан. 169-дан астам адам, оның ішінде қылмыстық топтардың жетекшілері қамауға алынды.
Оларға бопсалау, адам ұрлау, қаруды заңсыз сақтау және басқа да ауыр қылмыстар бойынша айып тағылып отыр.
– Бопсалау, адам ұрлау, қаруды заңсыз сақтау және басқа да ауыр қылмыстар жасады деген күдікпен 169-дан астам адам, оның ішінде топ жетекшілері ұсталды. Шекара маңындағы аумақтарда, өнеркәсіп және қоршаған ортаны қорғау салаларында қылмыстық схемаларды ұйымдастырумен байланысты заңсыз табыс көздері анықталып, жойылды, – деп хабарлады ҰҚК.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, күштік құрылымдар қылмыстық топ мүшелерін ұстап қана қоймай, олардың қаржылық арналарына да тосқауыл қойған. Қылмыстық топтар шекарадағы заңсыз схемаларды бақылап, өнеркәсіп саласында ақша бопсалап, қоршаған ортаны қорғау саласындағы заң бұзушылықтардан пайда тапқан.
Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. ҰҚК тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жарияламайды.