Базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін төмендетуге арналған баспасөз мәслихатында журналистер Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен Ұлттық қордан экономикаға қосымша 5 трлн теңге құйылуы инфляцияға қалай әсер ететінін сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Тимур Сүлейменов Ұлттық қордан алынатын 5 трлн теңге Ұлттық банктің инфляция болжамына әсер ететін қосымша фактор екенін мойындады. Алайда оның ықпалы аса күшті болмайды деп есептейді.
– 5 трлн теңге үш жылға бөлінеді: келесі жылы 2 трлн, ал 2028-2029 жылдары 1,5 трлн теңгеден. Бұл айтарлықтай көп сома сияқты естіледі, бірақ абсолюттік мәнде өте үлкен көрінетін көрсеткішті ауқымы да, көлемі де өсіп келе жатқан экономикамызбен салыстыру қажет екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан мұнда инфляцияның өте жоғары деңгейге көтерілуіне әкелетін қандай да бір ерекше әсерді көріп отырған жоқпыз. Біз бұл қаражатты есептеулерімізге енгізіп, модельге қостық және оның ықпалын бағаладық, – деп түсіндірді ол.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, трансферттердің әсерін барынша азайту үшін экономикадағы «тар жерлерді» жою қажет.
– Экономиканың әлеуетін арттыру, қосылған құн қалыптастыру, өндіріс көлемін ұлғайту керек. Бұл бағдарламаны іске асыру нәтижесінде отандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер ұсынысы өсуі маңызды. Сонда біз өсіп келе жатқан сұраныс пен оған ілесіп отырған ұсыныс арасындағы айырмашылықты жаба аламыз. Бұл мәселе бойынша Үкіметпен дұрыс үйлестіру және коммуникация жолға қойылған, – деді Сүлейменов.
Контекст
Ұлттық банк төрағасы Қазақстанда долларлық депозиттерде жалпы сомасы шамамен 6 трлн теңгеге тең қаражатты кімдер жинағанын айтып, өзінің жеке қаражатын қалай сақтайтынын да мәлімдеді.