Қасым-Жомарт Тоқаев Мұрат Баймұқашевты Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі аппаратының басшысы етіп тағайындады. Бұған дейін ол Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары қызметін атқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның орынбасарлары да тағайындалды
Қауіпсіздік Кеңесі аппараты басшысының бірінші орынбасары қызметіне Нұржан Қаджиақбаров тағайындалды.
Ал Руслан Жақсылықов пен Геннадий Зуев аппарат басшысының орынбасарлары болды.
Мұрат Баймұқашев туралы не белгілі?
Мұрат Баймұқашев 1967 жылы туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, ҰҚК-нің Қарағанды жоғары мектебін және Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын тәмамдаған.
1994–2009 жылдары құқық қорғау органдарында, соның ішінде Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурада қызмет атқарған.
Кейін премьер-министр кеңсесінде, Қауіпсіздік Кеңесінде және Ішкі істер министрлігінде түрлі лауазымда жұмыс істеді.
2020–2021 жылдары Әкімшілік полиция комитетін басқарды, кейін ішкі істер министрінің орынбасары болды.
2022–2023 жылдары Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары қызметін атқарды. Ал 2023 жылдың қыркүйегінен бері қайтадан Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары болған.
2021 жылы оған полиция генерал-майоры атағы берілді.
Жаңа орган жуырда құрылды
Еске салайық, 29 тамызда Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесі аппаратын жеке мемлекеттік орган ретінде құрды.
Жаңа құрылым Президентке тікелей бағынады және Мемлекет басшысына есеп береді.