Әлеуметтік желіде Елена Рыбакинаның US Open турниріндегі матчтарын неге басты аренада өткізбейтіні қызу талқыланып жатыр. Бұл мәселеге қатысты өз нұсқасын қазақстандық әуесқой теннисші Ерік Ілиясов ұсынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстандық әуесқой теннисші Ерік Ілиясов US Open турнирінде Елена Рыбакинаға қатысты пікірталасқа өз бағасын берді. Әлеуметтік желіде турнирдегі ең мықты теннисшілердің бірі неге негізгі аренада ойнамайтыны талқыланып жатыр. Ильясовтың пікірінше, матчтарды корттарға бөлу кезінде ұйымдастырушылар бірден бірнеше факторды ескеруі мүмкін. Атап айтқанда, ол америкалық спортшылардың көптігіне назар аударды.
«Желіде Рыбакинаны неге US Open-нің басты стадионына шығармайтынын талқылап жатыр. Жігіттер, бір сәт ойланып көріңіздерші: US Open-нің үшінші айналымына 15 америкалық теннисші шықты. Бұл – кейінгі жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазір АҚШ-та стадиондарды лық толтыратын өз жұлдыздары мен үздік ойыншылары өте көп. Ал америкалық көрермендер де, ұлыбританиялықтар сияқты, өз спортшыларын әрдайым ерекше белсенді қолдайды», – деп жазды Ілиясов.
Маркетинг те маңызды рөл атқарады
Ілиясов US Open турнирінде басты аренадан бөлек, басқа да ірі корттар бар екенін атап өтті. Атап айтқанда, ол Louis Armstrong Stadium пен Grandstand ареналарын, сондай-ақ, басқа танымал теннисшілер өнер көрсететін Court 17 кортын мысалға келтірді.
Оның пікірінше, спортшының рейтингі матчтың қай алаңда өтетінін анықтамайды. Мұнда теннисшінің танымалдығы, көрерменнің қызығушылығы және матчтың коммерциялық тартымдылығы да елеулі рөл атқаруы мүмкін.
«Бұған қоса, US Open – Үлкен дулыға турнирлерінің ішінде маркетингке ерекше мән беретін жарыс. Мұнда теннисшінің танымалдығы, көрерменнің қызығушылығы, америкалық нарық, Nike, IMG секілді алпауыттардың ықпалы және теннис төңірегіндегі тұтас индустрияның мүддесі ескеріледі. Өз үйіңде өз ережең жүретіні белгілі», – деп жазды Ілиясов.
Қазақстандық теннисші корттарды таңдау тек ойыншылардың спорттық мәртебесіне емес, көрерменнің қызығушылығы мен турнирдің коммерциялық жағына да байланысты болуы мүмкін деп есептейді.
Ілиясов Эала туралы не айтты?
Әуесқой теннисші филиппиндік спортшы Александра Эалаға да жеке тоқталды. Оның пікірінше, Эалаға деген жоғары қызығушылықты оның маркетингтік әлеуетімен де байланыстыруға болады.
«Алекс Эалаға келсек, ол – Азияның нағыз өкілі және қазірдің өзінде үлкен маркетингтік жобаға айналып келеді. Nike спортшысы, харизмасы бар, Рафаэль Надаль академиясының түлегі. Оның үстіне, артында Филиппиндегі қалың көрермені бар: Филиппин халқының өзі 110 миллионнан асады, оған бүкіл әлемдегі диаспораны қоспағанда», – деп жазды Ілиясов.
Рыбакина үшін нақты аренаны таңдаудан гөрі, спорттық нәтиже маңызды деп санайды.
«Қысқасы, басты стадионда ойнау – ең маңызды нәрсе емес. Ең бастысы – нәтиже. Оның үстіне Лена артық қысымды ұната бермейді, ал US Open-де онсыз да қысым жеткілікті», – деп түйіндеді қазақстандық әуесқой теннисші.
Айта кетейік, Ілиясов айтқан себептер – оның жағдайға қатысты жеке пікірі. Жарияланған жазбада US Open ұйымдастырушыларының Елена Рыбакинаның матчтарын қай кортта өткізуді таңдағанына қатысты ресми пікір келтірілмеген.