«Бейбітшілік керек»: Зеленский Киевте Уиткофф пен Кушнермен келіссөз бастады

Ulysmedia

Владимир Зеленский Киевте Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен келіссөзді бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Украина президенті америкалық делегацияны ел астанасының орталығындағы София алаңында қарсы алды.

Айта кетейік, келіссөз басталар алдында Зеленский украиналық келіссөз тобының мүшелерімен жиын өткізді.

«Әңгімеге дайынбыз. Украина әрдайым сындарлы ұстанымда болды және солай қала береді. Біз соғыстың аяқталғанын қалаймыз. Бейбітшілік керек. Қауіпсіздік кепілдігі қажет. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірдің лайық шарттары болуға тиіс. Біздің ұсыныстарымыз дайын», — деп жазды ол.

Зеленскийдің айтуынша, Киев соғысты аяқтаудың ықтимал жолдарын, қауіпсіздік кепілдіктерін және соғыстан кейінгі реттеу шарттарын талқыламақ.

Киевке Еуропа өкілдері де келді

Келіссөзге қатысу үшін Украина астанасына Франция, Ұлыбритания және Германия өкілдері де келді. Бұл туралы Кирилл Буданов хабарлады.

Уиткофф пен Кушнер Киевке пойызбен жеткен.

BBC мәліметінше, оларды вокзалда Кирилл Буданов, Рүстем Үмеров, Давид Арахамия және Сергей Кислица қарсы алған.

Бұған дейін Путинмен келіссөз өтті

АҚШ өкілдері Украинаға Мәскеуде Владимир Путинмен кездескеннен кейін келді.

5 қыркүйекте Уиткофф пен Кушнер Ресей президентімен үш сағатқа жуық сөйлесті.

Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков америкалық тарап соғысты аяқтаудың ықтимал жолдарына қатысты бірнеше ұсыныс айтқанын мәлімдеді.

Бұл ұсыныстардың мазмұны әзірге жарияланған жоқ.

Кремльдегі кездесуден кейін Ресей тарапы да америкалық өкілдерге өз ұстанымын жеткізді.

Ақ үй келіссөзді мазмұнды деп бағалап, келесі қадамдар алдағы апталарда жарияланатынын хабарлады.

Енді Уиткофф пен Кушнер Украина басшылығымен Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға қатысты жаңа ұсынысын талқылайды деп күтіліп отыр.

Бұл - олардың Киевке жасаған алғашқы ресми сапары.