Бүгін Астанада тұрғындар әлі қоныстанып үлгермеген Grand Monaco тұрғын үй кешенінде өрт шықты. Бизнес-класс санатындағы кешенді Қазақстандағы ірі құрылыс топтарының бірі BAZIS-A салып жатыр. Компания кәсіпкер Александр Беловичтің отбасына тиесілі. Кешеннің бір бөлігін 2026 жылы пайдалануға беру жоспарланған, ал мұндағы бір шаршы метрдің бағасы шамамен 850 мың теңгеден басталған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өрт 6 қыркүйекте шамамен сағат 14:00-де Сарайшық ауданында салынып жатқан Grand Monaco кешенінен шыққан.
ТЖМ мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру жасағы келген кезде ғимарат қасбетіндегі жылу оқшаулағыш материал бірінші қабаттан жетінші қабатқа дейін ашық жалынмен жанып жатқан.
«Өрт сөндіру желілері дереу іске қосылды. Жалынды толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су үздіксіз беріліп жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ», — деп хабарлады құтқарушылар.
Кейін өрт толық сөндірілді.
Айта кетейік, Grand Monaco-ға тұрғындар әлі қоныстанбаған. Сондықтан өрт кезінде пәтер иелері зардап шеккен жоқ. Алайда баспанасына ақша салып, 2026 жылы кілтін алуды жоспарлағандар үшін жағдай әзірге белгісіз.
Қазір нысанды тапсыру мерзімі кейінге шегеріле ме, кейбір құрылымдар қайта сараптамадан өте ме және қалпына келтіру жұмыстарының шығынын кім өтейтіні белгісіз.
Grand Monaco Тәуелсіздік даңғылы мен тұңғыш президент саябағына жақын жерде бизнес-класс санатындағы тұрғын үй кешені ретінде салынып жатыр.
Жоба сегізден он төрт қабатқа дейін жететін бірнеше блоктан тұрады. Пәтерлерді сатып алушыларға әрлеусіз тапсыру жоспарланған.
Ашық сатылымдағы ұсыныстар бойынша пәтер бағасы шамамен 45–50 млн теңгеден басталған. Бір шаршы метрдің құны шамамен 850 мың теңгеден жоғары болған.
Кешеннің кейбір блоктарын 2026 жылдың үшінші және төртінші тоқсанында пайдалануға беру көзделген.
Жобаның тапсырыс берушісі ретінде BAZIS-A тобына кіретін «BAZIS-A CORP.» ЖШС көрсетілген. Кейбір блоктарды «EURO CITY-4» ЖШС сатып жатыр.
Grand Monaco кешені Monaco желісі мен «Городской романс» жобасының жалғасы ретінде таныстырылған.
BAZIS-A компаниясының негізін Александр Белович қалаған. Компания 1991 жылдан бері жұмыс істейді және осы уақыт ішінде Қазақстандағы ең ірі құрылыс топтарының біріне айналды.
Қазір компанияны оның ұлы Павел Белович те басқарып жүр. Александр және Павел Беловичтер Forbes Kazakhstan рейтингтеріне тұрақты түрде еніп келеді.
2025 жылы отбасының дәулеті шамамен 681 млн долларға, ал 2026 жылы 600 млн долларға жуық деп бағаланған.
BAZIS-A тұрғын үй кешендерімен қатар коммерциялық ғимараттар, мектептер, жолдар, жолайрықтар және басқа да инфрақұрылым нысандарын салады. Компания Қазақстаннан тыс жерлерде де жұмыс істейді.
Еске салайық, кәсіпкердің аты бұған дейін мүлік пен сотқа қатысты даулы істерде аталған.
Ең көп талқыланған істердің бірі оның бұрын бірге тұрған Лилия Аношинамен арадағы дауға қатысты болды. Тараптар бірнеше жыл бойы мүлікке байланысты соттасып, бір-біріне түрлі айып таққан.
Сондай-ақ, Белович белсенді Қанат Тұрдалиевті ақша бопсалады деп айыптаған. Кейін ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды.