Алматылықтарды криптовалюта несиесімен алдағандар тергеліп жатыр

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен интернет арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Тергеу мәліметінше, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілер арқылы тартылған. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнамалар кеңінен таратылған.

Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіру рәсімінен өту, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.

Уәде етілген сомадан аз ақша аударылған

Алайда барлық рәсім аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан айтарлықтай өзгеше болған.

Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған.

Сонымен қатар мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық берілмеген.

SMS таратуға арналған SIM-бокстар тәркіленді

Қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған.

Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған.

Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшердегі SIM-карталар тәркіленді.

Тергеу жалғасып жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.