Қайрат Сатыбалдының отбасынан тәркіленіп, бірнеше рет сатылымға шығарылғанымен, өтпей қалған «Байсат» базарының жаңа қожайыны белгілі болды. Оны 24,77 млрд теңгеге небәрі төрт ай бұрын тіркелген компания сатып алған. Оның жалғыз құрылтайшысы әрі басшысы – «Еуразиялық топ» бас директоры Құдірет Шәмиев, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Базарды кім сатып алды?
«Байсатты» сату бойынша аукцион 7 тамызда Sauda порталында өтті. Нысан 24 772 753 285 теңгеге сатылды.
Сатып алушы компанияның негізгі қызмет түрлеріне холдингтік компаниялардың қызметі, сондай-ақ өзіне тиесілі немесе жалға алынған жылжымайтын мүлікті жалға беру және пайдалану кіреді.
Қолда бар деректерге сәйкес, заңды тұлғаның әзіргһше салық төлемдері, сот даулары, мемлекеттік келісімшарттары немесе лицензиялары жоқ. Компания небәрі төрт ай бұрын тіркелген.
Оның құрылтайшысы әрі басшысы – Қазақстандағы Eurasian Resources Group (ERG) бөлімшесі саналатын «Еуразиялық топ» ЖШС-ның бас директоры Құдірет Шәмиев.
Контекст
«Байсат» базары бұған дейін Қайрат Сатыбалдының отбасымен байланысты құрылымдарға тиесілі болған.
2024 жылдың қаңтарында сот оны мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды. Сот базарды жекешелендіру кезінде заң бұзушылықтар болғанын және нысанның құны төмендетілгенін анықтады.
Мемлекет базарды бір жылға жуық уақыт бойы сатуға тырысты. Бастапқы бағасы бірнеше рет төмендетіліп, 28,6 млрд теңгеден 24,8 млрд теңгеге дейін түсті.
Мамыр айында өткен аукцион да өтпеді: нысанды сатып алуға ниет білдіргендер табылмады.
Тіпті базарды Алматының коммуналдық меншігіне өтеусіз беру нұсқасы да қарастырылған. Алайда кезекті сауда барысында базар ақыры сатылды.
ERG бас директоры және жаңа компаниялар
«Байсаттың» Шәмиевке тиесілі компания арқылы сатып алынуы оның кейінгі уақытта бизнес саласындағы белсенділігінің айтарлықтай артқанын көрсетеді.
2026 жылғы 30 мамырда Құдірет Шәмиев «Еуразиялық топтың» бас директоры болып тағайындалды. Бұл Шахмұрат Мүтәліп ERG акцияларының шамамен 40 пайызын сатып алғаннан кейін көп ұзамай болды.
Шәмиевтің бұған дейінгі еңбек жолы Integra Construction KZ компаниясымен тығыз байланысты. Ол теміржол құрылысы мен жөндеу жұмыстарымен айналысатын бұл компанияға 2020 жылдың мамырында келген. Ал 2024 жылдың қаңтарында компанияның байқау кеңесінің төрағасы болды.
Кейінгі айларда Шәмиев басқаратын немесе иелік ететін компаниялардың қатары да едәуір көбейген.
22 мамырда ол АХҚО-да тіркелген Central Trade Management Ltd холдингтік компаниясының директоры әрі иесі атанды.
Ал 25 мамырда Шәмиев тағы үш жаңа компанияны – Q-Metals Group, Qaz Commodities Group және Prime Minerals Holding Ltd компанияларын басқарды. Олардың ортақ иесі ретінде Бейбарыс Үшбай көрсетілген.
Бұдан бөлек, Шәмиев Алматы – Қорғас автожолының құрылысына қатысқан италиялық Todini Costruzioni Generali SpA компаниясының байқау кеңесіне кіреді. Бұл компания Патох Шодиев және Орифжан Шодиевпен байланысты.