Қазақстандық банктер депозиттер бойынша мөлшерлемелерді төмендетуді жалғастырып жатыр. Тамыз айында бірден 11 банк салым шарттарын қайта қараған. Бұл жолы мөлшерлемелер алғаш рет депозиттердің барлық сегментінде, соның ішінде мерзімсіз салымдарда да төмендеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Банктер Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуіне байланысты депозит мөлшерлемелерін қайта қарап жатыр. Шілдеде реттеуші базалық мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 16,75%-ға түсірді. Ал 4 қыркүйекте оны тағы да төмендетті.
Мөлшерлемелерді қайта қараудың алғашқы толқыны маусым айында болды. Ол кезде 10 банк мөлшерлемелерін өзгертті. Шілдеде нарықта үзіліс байқалып, небәрі 4 банк депозит мөлшерлемелерін қайта қарады. Ал тамызда бұл процесс қайтадан қарқын алды.
Мөлшерлемелер қалай өзгерді?
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мониторингіне сәйкес, мерзімсіз салымдар бойынша мөлшерлемені 4 банк төмендетіп, бір банк көтерген. Орташа мөлшерлеме 0,11 пайыздық тармаққа төмендеп, 14,08% болды. Ал ең жоғары мөлшерлеме 0,9 пайыздық тармаққа азайды.
Толықтыру мүмкіндігі бар мерзімді депозиттер бойынша 3 банк мөлшерлемелерін төмендетті. Ең елеулі өзгерістің бірі – ірі банктердің бірінде үш айлық салым бойынша ең жоғары мөлшерлеме 20%-дан 19%-ға төмендеді.
Өзгеріс ең көп болған сегмент – жинақ депозиттері. Толықтыру мүмкіндігі бар жинақ салымдары бойынша 12 банктің 6-уы мөлшерлемесін қайта қарады. Оның бесеуі төмендетсе, біреуі көтерді.
Ал толықтыруға болмайтын жинақ депозиттері бойынша 15 банктің 4-еуінде өзгеріс тіркелді. Үш ай ішінде бұл сегменттердегі банктердің басым бөлігі мөлшерлемелерін түзетті.
Ең жоғары мөлшерлемелер әзірге сақталып тұр
Жалпы төмендеу үрдісіне қарамастан, ең жоғары мөлшерлемелер толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ салымдарында сақталып отыр – жылдық 20,5%-ға дейін.
Бұл тамызда 9,8% болған инфляция деңгейінен шамамен екі есе жоғары. Алайда мұндай шарттарды санаулы банктер ғана ұсынады. Оның үстіне салымшы шотты толықтыра алмайды және ақшаны мерзімінен бұрын шешіп алған жағдайда табысынан айырылуы мүмкін.
Әрі қарай не болады?
ҚДКБҚ депозиттер бойынша мөлшерлемелердің төмендеу үрдісі жалғасады деп болжайды. Банктер негізгі өзгерістерді соңғы үш айда енгізіп үлгерді. Сондықтан алдағы уақытта мөлшерлемелер біртіндеп төмендеуі мүмкін.
Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімі 23 қазанға жоспарланған.
Бұған дейін реттеуші базалық лицензиясы бар банктерге лимит белгілеген болатын. Мұндай банктердің жиынтық активтері 500 млрд теңгеден, ал бір клиенттің ең жоғары салымы 20 млн теңгеден аспауға тиіс.