Шымкенттегі камера қызметкерлері жалақы алмағанын айтты: әкімдік мұны жоққа шығарды

Сырым Қаржас
Ulysmedia

Шымкентте жол қозғалысын бақылайтын бейнебақылау камераларына байланыс қызметін көрсеткен компанияның жұмысшылары бірнеше айдан бері жалақы алмағанын айтып, шағымданған. Осыған байланысты қала әкімдігі камераларды орнату және пайдалану жобасына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Толығырақ

Әкімдік мәліметінше, 2025 жылы Шымкент аумағында жалпы 3 100 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жобаның бас мердігері – «Antarium Group» ЖШС. Ал камералардан келіп түсетін бейнесигналдарды беру үшін байланыс арналарын «Q-Networks» ЖШС қамтамасыз еткен.

Қазіргі таңда «Antarium Group» ЖШС-нің «Q-Networks» ЖШС алдында 2026 жылғы наурыздан маусымға дейін көрсетілген байланыс қызметтері бойынша шамамен 80 млн теңге берешегі қалыптасқан.

Бұл ретте Шымкент әкімдігі шарттық міндеттемелер аясында тиісті төлемдерді толық көлемде жүргізгенін мәлімдеді.

Ал «Q-Networks» ЖШС техникалық директоры Әділет Алыбековтің айтуынша, әлеуметтік желілерде және өзге де ақпараттық ресурстарда тараған бейнематериалда көрсетілген жайттарға компанияның қатысы жоқ.

Оның сөзінше, видеода аталған бұрынғы қызметкерлер қазіргі уақытта компанияда жұмыс істемейді және өз еркімен жұмыстан босатылған. Олардың еңбекақысы бойынша «Q-Networks» алдында берешек қалыптаспаған. Компания бұл ақпаратты растайтын құжаттарды да ұсынған.

Контекст

Бұған дейін «Q-Networks» компаниясының 40-қа жуық қызметкері алты айға жуық уақыт бойы жалақы алмағанын айтып, шағымданған. Жұмысшылардың сөзінше, осы кезеңде қарыздары көбейіп, күнкөріс қиындаған. 

Ал компания басшысы Серік Сүйеубеков төлемдердің 2026 жылғы қаңтардан кейін тоқтағанын мәлімдеген. Оның айтуынша, негізгі мердігер тарапынан қаржы толық төленбегендіктен, компания қызметкерлеріне жалақы беру қиындаған. Осыған байланысты қосалқы мердігер сотқа жүгінуге ниетті екенін жеткізген.