АҚШ-та әрбір 360, ал Қазақстанда әрбір 36 өрт жағдайында кісі өлімі тіркеледі

Аян Өрібай

Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізген талдау Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында тіркелетін өрт оқиғалары мен одан қайтыс болғандар саны республиканың орташа көрсеткішінен 2-3 есе көп болып отырғанын көрсеткен, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

Жалпы ТЖМ мамандары өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің халықаралық тәжірибесін зерттеп, әлемдік өрт статистикасына анализ жасаған. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, өрт шыққаннан кейін 5-6 минуттың ішінде адам қайтыс болатын көрінеді. Қазақстанда өрт жағдайларының әрбір 36-да кісі өлімі тіркелсе, АҚШ-та бұл көрсеткіш он есе төмен. Яғни Америкада әрбір 360 өрт оқиғасынан өлім тіркеледі. Ал Ұлыбританияда бұл көрсеткіш 14 есе, Францияда 27 есе аз.

«Өрт оқиғаларын бірден ауыздықтау уақытын қысқарту үшін өрт сөндіру нысандарының желісін арттыру жұмыстары көзделіп отыр. Өртке қарсы қызметтің 18 нысаны салынады. Оның үшеуі республикалыққ бюджеттен, 15-і әкімдіктердің есебінен бой көтереді. Одан бөлек жобалық-сметалық құжат жұмыстары аяқталған 9 дайын жоба бар. Олар Талдықорған, Сәтпаев, Жезқазған, Петропавл, Қосшы қалаларында және Атырау облысының Атырау, Миялы ауылдарында және Жамбыл облысының Қордай ауылында салынады», - деді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Илиьн Үкіметтің бүгінгі отырысында.