Қазақстанда көмір қымбаттап жатыр. Қаңтар-тамыз аралығында оның бөлшек саудадағы құны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,9% өскен. Кейбір өңірлерде бір тонна көмірдің бағасы 20 мың теңгеден асады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бір тоннасы 17-23 мың теңге
Баға сатып алушының қай жерде тұратынына тікелей байланысты. Бұған көмір разрездеріне дейінгі қашықтық, тасымалдау шығындары және көмір тұйықтарының иелері белгілейтін үстемеақы әсер етеді.
Energyprom мәліметінше, тамыз айында Өскеменде бір тонна көмір шамамен 17,5-17,7 мың теңге, ал Петропавлда 22,5 мың теңге болған.
Көмір бағасын қыркүйектен сәуірге дейін бақылап отыратын Ұлттық статистика бюросының кейінгі дерегінде оның орташа құны 19,2 мың теңге болған. Сәуірде көмір ең арзан Қарағандыда сатылды – бір тоннасы 16,9 мың теңге. Ал ең қымбат көмір Түркістан тұрғындарына тиесілі болды – 23,1 мың теңге.
Биыл орташа баға 19 мың теңгеден төмен түскен жоқ.
2025 жылдың толық қорытындысына қарасақ, өңірлер арасындағы айырмашылық одан да айқын байқалады. 20 өңірдің 12-сінде көмір ел бойынша орташа көрсеткіштен жылдамырақ қымбаттаған.
Баға өсімі бойынша Ақтөбе облысы көш бастады – мұнда көмір 23,2% қымбаттаған. Абай облысында баға 14,4%, Жамбыл облысында 13,4% өскен. Ал Қазақстан бойынша орташа өсім 8,5% болды.
Күзде кезек пайда болуы мүмкін
Қазір көмір тапшылығы жоқ. Дегенмен бірнеше өңірде жеке үйлердің тұрғындарына отынды күн суытқанға дейін сатып алуды кейінге қалдырмауға кеңес беріліп жатыр.
Қыркүйек пен қазан айларында тұрғындар көмір алуға жаппай кірісетіндіктен, базалар мен теміржол тұйықтарында кезек пайда болуы мүмкін.
Биыл билік жаңа цифрлық жүйенің көмегімен әдеттегі дүрбелеңнің алдын алуды көздеп отыр. Жүйе көмір қоры, жеткізілімдер, вагондардың қолжетімділігі және көмір тұйықтарының жүктемесі туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде көрсетуге тиіс.
Бағаға әсер ететін тағы бір фактор бар. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі көмір нарығын жоғары деңгейде шоғырланған нарық деп бағалайды. Оның едәуір бөлігі бірнеше ірі компанияның үлесіне тиеді.
Мысалы, «Богатырь Көмір» компаниясының коммуналдық-тұрмыстық көмірі 2024 жылғы қаңтардан 2025 жылғы желтоқсанға дейін 58%-ға, Sherubai Komir-де 61%-ға, ал «Қаражырада» 16%-ға қымбаттаған.
Нарыққа жаңа ірі ойыншылардың кіруі де оңай емес. Монополияға қарсы ведомствоның бағалауынша, жаңа кен орнын игеру арқылы нарыққа кірудің өзіне кемінде 4,5-7 млрд теңге қажет. Ал ірі өндірушілердің қатарына қосылу үшін инвестиция көлемі 45-95 млрд теңгеге жетуі мүмкін.