8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді тек нысан орналасқан жердегі нотариус куәландырады. Жаңа тәртіп сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау, кепілге қою және мемлекеттік тіркеуге жататын басқа да мәмілелерге қатысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не өзгерді?
Бұған дейін мәмілені кез келген нотариуста куәландыруға болатын. Енді құжаттарды тек жылжымайтын мүлік орналасқан мекенжай бойынша жұмыс істейтін нотариус рәсімдейді.
Бұл нысан, нотариустың мәмілені куәландыруы және құқықтарды кейінгі мемлекеттік тіркеу арасындағы байланысты нақтылауға мүмкіндік береді. Жаңа тәртіптің мақсаты – рәсімдердің ашықтығын арттырып, алаяқтықты азайту.
Меншік иесі басқа қалада болса ше?
Жылжымайтын мүлік орналасқан жерге байланысты енгізілген бұл талап меншік иесінің басқа өңірден өз мүлкіне қатысты мәміле жасау құқығын шектемейді.
Меншік иесі пәтер орналасқан жерге өзі бара алмаса, өкіліне сенімхат рәсімдей алады.
Контекст
Бұған дейін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда тұрғын үй сату тәртібі өзгергенін жазған едік. Атап айтқанда, мүлікке иелік ету мерзімінің ең төменгі шегі бір жылдан екі жылға ұзартылды.
Енді пәтерді сатып алғаннан кейін оны салық төлемей сату үшін кемінде екі жыл күту қажет.