Жанаөзенде мұнай жабдықтарын ұрлаған күдікті ұсталды

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Жанаөзенде мұнай жабдықтарын ұрлаған күдікті ұсталды. Оған барлығы алты ұрлық дерегі бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Күдікті қалай анықталды?

Оқиға Теңге ауылындағы ұңғымадан екі ысырма (шибер) ұрланғаннан кейін анықталған. Ұрланған жабдықтың құны 1,5 миллион теңгеден асқан.

Полиция күдіктіні анықтап, кейінгі тексеру барысында оның осыған ұқсас тағы бес ұрлыққа қатысы барын анықтаған.

Ер адам «Металл» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алты деректің барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Полиция ұрланған жабдықтарды іздестіріп, сондай-ақ күдіктінің қылмысқа басқа адамдарды тартуы мүмкін екені туралы ақпаратты тексеріп жатыр. 

Контекст

Бұған дейін Маңғыстау облысындағы «Өзенмұнаймаш» зауытының басшылығына қатысты үлескерлерді 303 миллион теңгеге алдады деген күдік барын жазған едік. Олар Жанаөзенде тұрғын үй кешенін екі жыл бойы тиісті рұқсат пен жобасыз салып, азаматтардан жалған шарттар арқылы ақша жинаған.