Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бұрынғы бастығы Ербол Махметовтің ұсталғанын растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
ҰҚК мәліметінше, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Алайда ведомство көші-қон қызметінің бұрынғы басшысына нақты қандай айып тағылып отырғанын ашып айтпады.
– Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес жария етуге жатпайды, – делінген Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі берген жауапта.
Контекст
Махметовтің ұсталғаны Астана қаласының көші-қон қызметіне қатысты тағы бір қылмыстық іс аясында белгілі болды. Тамыз айының басында қалалық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әлия Мақаева ұсталған еді.
Сол кезде БАҚ-та оның заңсыз көші-қон ұйымдастыруға және шетел азаматтарына тұруға ықтиярхат рәсімдеуге қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған.
Осыдан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Махметовтің де осы тергеуге қатысы болуы мүмкін деген ақпарат тарады.
Еске салайық, Ербол Махметов бұған дейін елордалық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасын басқарған.
Бұрынғы басшыға нақты қандай айып тағылғаны және оның ұсталуына Әлия Мақаеваға қатысты іспен байланысы бар-жоғы әзірше белгісіз.