Қазақстанда қылмыстық топ өкілдері жаппай ұсталды

Сырым Қаржас
ҚР ІІМ

Еліміздің түрлі өңірінде жүргізілген ұстау шараларынан кейін 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Істердің бірінде жеті адам бірнеше миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінді. Ұсталғандардан қару-жарақ, оқ-дәрі және қымбат көліктер табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Толығырақ

Қыркүйек айында Астана, Өскемен және Алматы облысында жеті күдікті ұсталды. Ішкі істер министрлігі оларды 40 млн теңге бопсалауға қатысы бар деп отыр. Жеті адамның үшеуі бұған дейін сотталған, оның ішінде кісі өлтіргені үшін жаза алғандар да бар.

Тінту кезінде полиция атыс және суық қару, оқ-дәрі мен бірнеше қымбат автокөлікті тәркіледі.

Ұстау шаралары елдің барлық өңірінде жүргізілді

Бұдан бөлек, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында қылмыстық істер тергеліп жатыр.

– Жалпы, аталған фактілер бойынша 50-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Заңсыз айналымнан 10-нан астам атыс және травматикалық қару, сондай-ақ оларға арналған оқ-дәрілер тәркіленді. Сонымен қатар уақытылы қабылданған шаралардың арқасында жәбірленушілердің 77 млн теңгеден астам қаражатын иемденуге жол берілмеді, – деді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Тергеу жалғасып жатыр. Полиция аталған істерге қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды іздестіріп жатыр.