Министрлік Петропавл мектебіндегі оқиғаның алдын ала тексеріс қорытындысын жариялады

Ulysmedia

Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Петропавл мектебінде болған шабуылды тексеру нәтижесінде анықталған алдын ала деректерді жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөз

«Бұл - білім беру ұйымдарындағы нұсқаулықтардың толық сақталмауы, лицензиясы бар күзеттің жоқты, турникеттердің болмауы мен мектептің ішіне кіргізу режимі бойынша талаптардың сақталмауынан. Өткізу режиміне жауапты қызметкерлер білім беру ұйымдарына әкелуге тыйым салынған заттарды анықтау бойынша жеткілікті құзыреттерге ие болмаған. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары арасында секторлық өзара іс-қимылдың жоқтығы белгілі», - деді Балалардың құқығын қорғау комитетінің басшысы Оқу-ағарту министрлігінің шұғыл кеңесінде.

Насымжан Оспанова ведомство бұл жағдай бойынша облысқа әдістемелік және психологиялық көмек көрсетуді жалғастыратынын атап өтті.

«Балалардың құқығын қорғау комитеті Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тоқсан сайын білім беру объектілеріндегі қауіпсіздіктің жай-күйіне мониторинг жүргізеді. Бұдан басқа министрдің тапсырмасы бар. Келесі аптадан бастап 1 ай бойы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, сарапшылардың, үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен біз барлық ел бойынша білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселелері бойынша тексеру жүргіземіз», - деп түйіндеді Насымжан Оспанова.

Еске салсақ, кеше Петропавлда 9 сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ ала келіп, 3 оқушыны жарақаттады. Кейін зардап шеккен екі балаға ота жасалды.