Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің жеңімпазы атанды. Нью-Йоркте өткен «Үлкен дулыға» додасының финалында ол Беларусь өкілі Арина Соболенконы жеңді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Рыбакина үш сетте жеңіске жетті
Ақтық сын үш сетке созылды. Алғашқы партияда қазақстандық теннисші 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші сетте Соболенко қарымта қайтарып, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ал шешуші партияда Рыбакина қарсыласынан анық басым болып, сетті 6:2 есебімен өз пайдасына шешті.
Финалдың қорытынды есебі – 6:4, 5:7, 6:2. Жеңіс Елена Рыбакинаға бұйырды.
Соболенко турнирге US Open-нің былтырғы чемпионы ретінде келген еді. Алайда ол биыл атағын қорғай алмады.
Үшінші «Үлкен дулыға»
Осы жеңістен кейін Рыбакина «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін чемпионы атанды.
Қазақстандық теннисші мұндай алғашқы жүлдесін 2022 жылы Уимблдонда жеңіп алған еді. Ал 2026 жылы алдымен Australian Open турнирінде топ жарса, енді US Open титулын да қоржынына қосты.
Осылайша Рыбакина бір маусымда төрт «Үлкен дулыға» турнирінің екеуінде жеңіске жетті.
Сонымен қатар, WTA турнирлерінің финалындағы Рыбакина мен Соболенко арасындағы кездесулерде қазақстандық теннисші енді 5:2 есебімен алда келеді.
Елена әлемнің бірінші ракеткасы атанды
Нью-Йорктегі жеңіс Рыбакинаға тағы бір тарихи жетістік әкелмек.
Дүйсенбіде қазақстандық теннисші WTA рейтингінде Арина Соболенконы басып озып, мансабында алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанады.
Бұған дейін Қазақстан атынан өнер көрсеткен бірде-бір теннисші WTA-ның жекелей сындағы әлемдік рейтингінде бірінші орынға көтерілмеген.