Алматыда ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы алғашқы қайырымдылық гольф-турнирі ұйымдастырылды. «Әр балаға таза су, таза ауа» атты шарадан 59,85 млн теңге жиналды. Қаражат Қазақстан мектептеріндегі ауаны тазарту және суды сүзу жүйелерін орнатуға жұмсалмақ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
UNICEF Golf Tournament 12 қыркүйекте Zhailjau Golf Resort аумағында өтті. Оған бизнес өкілдері, дипломаттар, спортшылар, меценаттар мен ЮНИСЕФ серіктестері қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиналған қаражат мектептерге ауа тазарту және ауызсуды сүзу жүйелерін орнатуға, сондай-ақ ауа мен су сапасын бақылауға бағытталады.
ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Рашед Мұстафа Сарвардың айтуынша, елдегі балалардың 55 пайызы су тапшылығының әсерін сезінеді. Ал 25,5 пайызы аптап ыстық, құрғақшылық, құмды және шаңды дауыл секілді кемінде үш климаттық қауіпке ұшырайды.
– Әр баланың қауіпсіз әрі дені сау ортада өсіп, білім алуға құқығы бар. Мұндай жағдай балалардың денсаулығына, әл-ауқатына және толыққанды дамуына тікелей әсер етеді, – деді ол.
Шараға ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы ізгі ниет елшісі, шахматшы Динара Сәдуақасова, опера әншісі Мария Мудряк, әнші YERNAZAR және теннисші Зарина Дияс қатысты.
Ұйымдастырушылар спорттың қайырымдылық жобаларындағы рөлін де атап өтті. Әр жылдары ЮНИСЕФ бастамаларын Дэвид Бекхэм, Лионель Месси, Ламин Ямаль, Роджер Федерер, Новак Джокович, Рори Макилрой секілді танымал спортшылар қолдаған.
Турнир Stableford форматында өтті. Гольфты енді бастап жүргендерге кәсіби нұсқаушылар шеберлік сабағын өткізді.
Кеш қайырымдылық аукционымен аяқталды. Саудаға Елена Рыбакинаның теннис ракеткасы, Лионель Мессидің қолтаңбасы қойылған жейдесі, XIX ғасырдың соңына тиесілі ер-тоқымның алдыңғы қасы және басқа да сирек бұйымдар шығарылды.
Аукционға лот ұсынғандардың арасында Зарина Дияс, Динара Сәдуақасова, Михаил Шайдоров, Елдос Сметов, Қазақстан теннис федерациясы мен Қазақстан дзюдо федерациясы бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир балалардың қауіпсіз әрі дені сау ортада өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған қайырымдылық жобалардың бірі болды.