Астананың сол жағалауында салынып жатқан тұрғын үй аумағында өрт шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт Есіл ауданындағы Ақмешіт көшесінде болған.
От салынып жатқан бес қабатты тұрғын үйді шарпыған. Алдын ала мәлімет бойынша, ғимараттың шатыры өртенген.
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімдері жетті. Өртке жоғары шақырту дәрежесі беріліп, оны сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Еске салайық, 6 қыркүйекте Астанада әлі тұрғындар қоныстанып үлгермеген Grand Monaco тұрғын үй кешені өртенген еді. Бизнес санатындағы бұл тұрғын үй кешенін Қазақстандағы ірі құрылыс компанияларының бірі BAZIS-A салып жатыр. Компания кәсіпкер Александр Беловичтің отбасына тиесілі.