Осы уақытқа дейін көпшілік көзінен таса болған президенттің жиені Дана Медеуова жаңа заң шығарушы органдағы қызметін алғаш рет көрсетті. Ол Instagram парақшасында отырыстардан, кулуардағы талқылаулардан және құжаттармен жұмыс барысынан кадрлар жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көпшілік алдына шықты
46 жастағы Медеуова Парламентке «Әділет» партиясының тізімі арқылы өтіп, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің құрамына кірді.
— Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын жоғары өкiлдi орган, бір палаталы Парламент - Құрылтайдың депутаты болу мен үшін үлкен мәртебе.
Заң жобаларын әзірлеу және Құрылтай қарауына жататын мәселелерді дайындау жұмыстарын Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде жүргізетін боламын., — деп жазды Медеуова.
Дана Медеуова – Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған қарындасы Қарлыға Ізбастинаның және Қазақстанның Болгариядағы бұрынғы елшісі Теміртай Ізбастиннің қызы.
2004 жылы ол саясаттану бойынша докторлық диссертация қорғаған. Кейін тоғыз жыл бойы Абай атындағы ҚазҰПУ-да проректор қызметін атқарды. Сонымен қатар Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорын басқарған және Астанада Кипрдің құрметті консулы болған.
Контекст
Мемлекет басшысының туысының заң шығарушы органнан орын алуы қоғамның назарын аударды. Бұл мәселеге депутат Айдос Сарым пікір білдіріп, бұл мандаттың Конституцияға қайшы келмейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, заңдағы шектеу тағайындалатын мемлекеттік қызметтер мен квазимемлекеттік секторға қатысты. Ал саяси партия атынан сайлауға қатысуға мұндай тыйым жоқ.
Сарым әріптесінің кәсіби жолын тек туыстық байланысымен байланыстырып қарамауға шақырды. Оның сөзінше, Медеуованың академиялық білімі, халықаралық қатынастар мен медиапроцестер саласындағы тәжірибесі комитеттің жұмысына сәйкес келеді.
Еске салайық, тамыз айының соңында Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент – Халық құрылтайы жұмысын бастады. Оның құрамында 145 депутат бар. Палата төрағасы болып «Әділет» партиясының лидері Айбек Дәдебай сайланды.