Қазақстандықтар ұшақ бортында интернетке қосыла алады

Сырым Қаржас
Pixabay.com

Қазақстандық ұшақтарда Wi-Fi желісін іске қосуға қазір ешқандай кедергі жоқ. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Журналистер Қазақстан ұшақтарында интернет қашан пайда болатынын және оның құны билет бағасына кіре ме деген сұрақ қойды.

— Біздің тарапымыздан тиісті заңнамалық түзетулер қабылданды. Биыл маусым айында президенттің тиісті жарлығы шықты. Сондықтан қазір интернетті іске қосуға ешқандай кедергі жоқ. Бұл мәселені белсенді түрде пысықтап жатырмыз. Қазан айында интернетке қосылған алғашқы ұшақтар пайда болады деп күтіп отырмыз, — деді  Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков.

Қандай жүйе қолданылады?

Оның айтуынша, интернетті спутниктер арқылы тарату жоспарланып отыр. Бұл үшін Viasat немесе OneWeb жүйелері қолданылуы мүмкін.

Ал интернет қызметінің құны әуе билетіне кіре ме, әлде жолаушылар оны ұшақ бортында қосымша сатып ала ма деген сұраққа Цифрлық даму министрлігі нақты жауап бере алмады. Себебі бұл мәселені әр әуе компаниясы жеке шешеді.