Астанадағы «Шығыс» тұрғын үй кешенінде ерлі-зайыпты қаза тапты. Жанжал кезінде 55 жастағы ер адам әйеліне пышақ сұғып, кейін өзіне қол салған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
53 жастағы әйел мен оның күйеуі алған жарақаттарынан жедел жәрдем қызметкерлері келгенге дейін көз жұмған. Артында ата-анасынан айырылған мүгедектігі бар 15 жастағы бала қалды.
Ерлі-зайыптының арасында не болғанын қазір тергеушілер анықтап жатыр.
– Кісі өлтіру және суицид фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, – деп түсіндірді полиция департаменті.
Контекст
Бұл – Астанада отбасылық жанжалдың әйел өлімімен аяқталған алғашқы жағдай емес.
2025 жылғы маусымда Сәния есімді әйел өз пәтерінде қаза тапқан. Сол кезде үйде оның жеті және он жастағы ұлдары болған. Тергеу нұсқасы бойынша, айыпталушы Ержан Иманқұлов әйелге пышақ жарақатын салып, кейін 25-қабаттан секірген. Ол аман қалған.