Қазақстан халқы заңнаманы жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын депутаттарға жолдай алады. Мұны қалай жасауға болатынын Ulysmedia.kz тілшісіне Айдос Сарым түсіндірді.
Депутаттың айтуынша, бұған дейін Мәжілістің сайтында азаматтарға өз заң жобаларын жіберуге мүмкіндік беретін функция болған. Қазір Құрылтай сайтында мұндай функция жоқ.
Айдос Сарым қазақстандықтар өз ұсыныстарын депутаттарға бұрынғыдай жолдай алатынын айтты. Оның ішінде e-Өтініш жүйесі арқылы да өтініш беруге болады.
Өз ұсынысыңызды қалай жолдауға болады?
Азамат тікелей депутатқа, Құрылтай төрағасына, комитет төрағасына немесе жұмыс тобының жетекшісіне жүгіне алады. Өтінішке қажетті құжаттарды қоса тіркеуге болады.
Сарымның айтуынша, мұндай тәжірибе Мәжілісте де болған. Депутаттарға сарапшылар мен белсенді азаматтардан ұсыныстар түсіп отырған. Олардың арасында шетелдік заңнамадан аударылған әзірлемелер де болған.
— Бізге қазақ тіліне аударылған шетелдік заңдар да әкелінетін. Оларды Қоғамдық палатаның барлық мүшесіне алдын ала электронды түрде немесе қағаз нұсқада тарататынбыз. «Пәленше сарапшыдан немесе жай ғана белсенді азаматтан осындай ұсыныстар келді. Қарап шығыңыздар», — деп айтатынбыз, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай жанынан 50 адамнан тұратын Қоғамдық палата құру ұсынылған еді. Сарапшылар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттарымен бірге заң жобаларын талқылауға қатысып, оларға өзгерістер енгізуді ұсына алады.