Елде ерікті өрт сөндірушілерге жеңілдіктер мен кепілдіктер беріледі

Аян Өрібай

Үкімет басшысы Асқар Мамин Төтенше жағдайлар министрлігіне 20 қазанға дейін Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасының келісілген жобасын енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша әзірленетін Жол картасында өрт сөндіру бекеттерін техникамен уақтылы қамтамасыз ету, ерікті өрт сөндіру құралымдарын дамыту, ерікті өрт сөндірушілерге арнайы кепілдіктер мен жеңілдіктерді ұлғайту мәселелерін қарастыруды тапсырамын. Адамдар көп жиналатын объектілерді, тұрғын үйлер мен биік ғимараттарды пайдалануға берген кезде өрт қауіпсіздігінің талаптарын күшейту іс-шараларын қарастыру қажет», - деді Асқар Мамин Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ол сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне 20 қазанға дейін Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасының келісілген жобасын енгізуді жүктеді. Сондай-ақ, өңірлердің әкімдіктерімен бірге от жағу маусымындағы өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша тұрғындармен профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы мәселеде жәрдем көрсетуге міндеттелсе, Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірге газ жабдығы мен тұрмыстық баллондардың қауіпсіз пайдаланылуын жүйелі түрде бақылауды және талаптарды қатаңдатуға міндеттелді.