Экобелсенді Салтанат Тәшімованы полицияға не үшін шақырды

Сырым Қаржас
Салтанат Тәшімова

Экобелсенді Салтанат Тәшімова тергеу амалдарын жүргізу үшін Алматы полиция департаментіне шақырылды. Полиция оның қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өтіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Полицияның мәліметінше, Тәшімоваға департаментке келу қажеттігі туралы тергеушінің қаулысы ұсынылған.

– Азаматша қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде өтіп жатыр. Тергеу амалдарын жүргізу қажеттілігіне байланысты оған Полиция департаментіне келу туралы тергеушінің қаулысы ұсынылды. Адвокатының қатысуымен азаматша полиция департаментіне өз еркімен келуге дайын екенін растады. Қажетті тергеу амалдарына қатысқаннан кейін ол босатылды, – деп хабарлады полиция.

Қажетті тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін белсенді босатылды. Полиция барлық процессуалдық әрекет заң аясында өткенін мәлімдеді.

Бұған дейін не болған еді

Бұған дейін Адам құқықтары жөніндегі бюро Көкжайлау шатқалында құрылыс салуға қарсы баспасөз мәслихатының алдында Тәшімоваға азаматтық киімдегі полиция қызметкерлері келгенін хабарлаған.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, олар белсендіні шақыру қағазы немесе санкциясыз полицияға алып кетуге әрекет жасаған.

Іс-шарадан кейін Тәшімова адвокатымен бірге полиция департаментіне өз еркімен барған.