Әлемнің бірінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Астана мен Алматы қалаларына келіп, жас спортшыларға шеберлік сабақтарын өткізеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Бір апталық сапары аясында Рыбакина балаларға шеберлік сабақтарын өткізіп, өз тәжірибесін бөліседі және жанкүйерлерімен кездеседі. Сонымен қатар спортшы Цинциннатиде өткен WTA 1000 санатындағы турнирде алған Ахилл сіңірінің жарақатына байланысты медициналық тексеруден өтеді.
– Дәл осы жарақаттың салдарынан Елена аталған турнирдің ширек финалдық кездесуіне қатысудан бас тартуға мәжбүр болған еді. Аяғындағы жарақат US Open-2026 турнирі кезінде де қазақстандық теннисшіні мазалаған. Алайда Елена жарақатына қарамастан, турнирдің шешуші матчтарын ауырсынуды басатын дәрілердің көмегімен өткізіп, чемпиондық титулды жеңіп алды, – деп хабарлады Қазақстан теннис федерациясы.
Елена Рыбакина
Бұған дейін Рыбакина Wimbledon-2022 және Australian Open-2026 турнирлерінің чемпионы титулдарын жеңіп алған. АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісі арқылы ол Қазақстан қоржынына жекелей сында үшінші «Үлкен дулыға» жүлдесін әкеліп, еліміздің атын әлемдік теннис тарихына жазды.
Билли Джин Кинг кубогына қатыспайды
Жаттықтырушылар штабының мәліметінше, Рыбакинаның емделуі мен толық қалпына келуіне кемінде екі апта қажет. Осыған байланысты спортшы Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне қатыса алмайды.