«СҚ-Фармация» басшысы Нұрлыбек Асылбеков Ulysmedia.kz-тің дәрі-дәрмек бағасының жоғары болуы туралы сұрағына жауап беріп, бұл баға белгілеуде «фармацевтикалық мафияның» рөліне қатысты пікір білдірді.
Көтерме бағасы алты есе қымбат па?
Былтыр Жоғары аудиторлық палата 2022-2024 жылдары «СҚ-Фармация» кейбір дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды нарықтағы бағадан 40-365% қымбатқа сатып алғанын анықтады. Мұндай сатып алуға екі жыл ішінде 35,8 млрд теңге жұмсалған.
Алайда мәселе мұнымен аяқталған жоқ. Мәжіліс мінберінен депутаттар айтқандай, Stellar ерітіндісінің Қазақстандағы дәріханалардағы бағасы 137,5 мың теңге болған. Ал «СҚ-Фармация» оны 1,146 млн теңгеге сатып алғысы келген. Кейін жеткізуші оны 1,008 млн теңгеге сатуға «келісім берген».
Қалай болғанда да, бұл дәріханадағы бағадан алты есе көп.
Депутаттардың пайымынша, мұндай баға белгілеудің артында дәрі жеткізушілер мен бірыңғай сатып алушы арасындағы келісім, яғни «фармацевтикалық мафия» болуы мүмкін. Біз Асылбековтен осы жайтқа қатысты пікірін жеке сұрадық.
– Бұл, бәлкім, дәрі-дәрмекті өткізетін компанияларға – өндірушілер мен дистрибьюторларға көбірек байланысты болған шығар. Олар дәрілерді «СК-Фармацияға» өткізеді де, бөлшек саудада бағасын түсіреді. Тағы бір жағдай бар: мысалы, жарамдылық мерзімі жақындағанда немесе басқа да себептермен олар бағаны екі-үш есеге түсіруі мүмкін. Мұндай жағдайлар болады. Бұл – маркетинг қой, – деді ол.
Біз Асылбековтен дәрі-дәрмек жеткізушілер мен сатып алушы арасындағы осындай келісімдер арқылы қазақстандықтардың есебінен пайда табу фактілері болған-болмағанын сұрадық.
– Менде ондай ақпарат жоқ, – деп жауап берді Нұрлыбек Асылбеков.
85 млрд теңге үнемделген
Сонымен қатар ол қазір баға бойынша келісімге келуге мүмкіндік жоқ екенін атап өтті. Асылбековтің айтуынша, кейінгі жылдары дәрі-дәрмек бағасын белгілеу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде 1 300 препараттың бағасы төмендетілген.
– 2025 жылы осының арқасында 85 млрд теңге үнемдедік. Биыл да қазірдің өзінде шамамен 70 млрд теңге үнемдеп отырмыз, – деді ол.
Қазір фармацевтикалық бақылау «СҚ-Фармацияның» сатып алу бағасын көтерме және бөлшек саудадағы бағалармен салыстырып, «СК-Фармациядағы» бағаның төмен болуын қадағалауға міндетті.