Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананы үлгілі қала деп атап, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек пен оның командасының еңбегіне ерекше тоқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мемлекет басшысы елордадағы Урбанистика орталығының жұмысын да атап өтті. Оның айтуынша, мамандар қаланы абаттандыруға қатысты шешім қабылдағанда тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескереді.
Тоқаев Урбанистика орталығының тәжірибесін Қазақстанның өзге өңірлеріне де енгізуді тапсырды.
- Қазір елордамызды жаңашыл, жасампаз азаматтардың құтты мекені деп айтсақ, қате болмайды. Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Бұл да – қала әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек пен оның көмекшілерінің табанды жұмысы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі, - деді Тоқаев.
Қалаларды дамыту жайына тоқталған Президент жуырда Қазақстанға келген АҚШ конгрессмендері туралы да айтты. Олар Астана мен Алматыда болып, екі қаланың жай-күйіне жоғары баға берген.
- Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді, - деді Президент.
Тоқаев әлеуметтік желілерде Қазақстан қалаларының көркеюі туралы жылы пікір білдіретін шетелдік туристердің видеолары көбейіп келе жатқанын да атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қалаларды дамытудағы басты мақсат шетелдіктерге жақсы әсер қалдыру емес, ең алдымен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру болуы керек екенін айтты.