Эд Ширанға қатысты дау ушығып барады: радиостанция оның әндерін эфирден алып тастады

Ulysmedia

Ұлыбританиялық әнші Эд Ширанға қатысты дау өрши түсті. Бұған оның АҚШ-тағы турының ашылуында өнер көрсетуге тиіс рэпер Маклморға байланысты оқиға әер етті. Музыканттардың Палестинадағы жағдайға қатысты ұстанымы қызу талқыланып жатқан тұста Ширанға бойкот жарияланып, әріптестері тарапынан сын айтылды. Сонымен қатар, оның Instagram-дағы оқырмандары да айтарлықтай азайған.

Радиостанция Ширанның әндерін эфирден алып тастады

Ирландиядағы ірі коммерциялық радиожелілердің бірі Classic Hits Radio бұдан былай Ширанның әндерін эфирге шығармайтынын мәлімдеді. Мұндай шешім тыңдармандардың пікірінен кейін қабылданған.

Бұл жағдай әншінің Филадельфиядағы сахнаға қайта оралуының қарсаңында болды. Ол Маклмор мен тағы бірнеше өнерпаз турдан кеткеннен кейінгі алғашқы концертін осы қалада өткізуі керек еді.

Бұған дейін ирландиялық Aaron Rowe және Beoga музыканттары да Ширанның гастрольдік турына қатысудан бас тартқан. Beoga мүшелері Палестинаны ашық қолдауына шектеу қойылатын алаңдарда өнер көрсеткісі келмейтінін айтқан.

Ширан өз ұстанымын түсіндіруге тырысты

Бұған дейін әнші Instagram-дағы парақшасында Израиль мен Палестина арасындағы қақтығысқа қатысты көзқарасын білдірген.

- Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс мені қатты алаңдатады. Екі тараптың да тартқан азабы мен қайғысы - адамзат үшін қасірет, - деп жазды Ширан.

Ол Маклморды турдан шығару туралы шешімді өзі емес, промоутер қабылдағанын айтты.

Алайда бұл мәлімдемеден кейін де сын тоқтамады. Әншіге нақты ұстаным білдіруден жалтарды деген пікірлер айтылды.

Pink Floyd тобының бұрынғы мүшесі Роджер Уотерс те Ширанды қатаң сынға алды. Ал Massive Attack тобының мүшелері Газадағы жағдай кезінде бейтарап қалуды нағыз бейтараптық деп санауға болмайтынын мәлімдеді.

Бұл мәселеге АҚШ Конгресінің мүшесі Александрия Окасио-Кортес те пікір білдірді. Оның айтуынша, мәселе екі өнерпаз арасындағы келіспеушіліктен әлдеқайда ауқымды және саяси тақырыптар жөнінде ашық сөйлейтін музыканттарға жасалатын қысымға қатысты.

Ширанның оқырмандары азайып жатыр

Даудың салдары әншінің әлеуметтік желідегі парақшасына да әсер еткен.

Social Blade мәліметінше, Маклмор турдан шығарылғаннан кейінгі келесі күні Ширан Instagram-да 149 636 оқырманынан айырылған.

Ал осы уақыт ішінде Маклмордың парақшасына шамамен 750 мың адам жаңадан жазылған.

Үш күннің ішінде Ширанның аудиториясы 260 мыңнан аса адамға азайған. Ал Маклмор мен Ширанның турынан кеткен басқа өнерпаздардың парақшасына осы аралықта жалпы саны шамамен 1,638 миллион жаңа оқырман қосылған.

Бұған дейін Ұлыбританияның мәдениет министрі Лиза Нэнди Ширанға түсіністікпен қарайтынын айтып, оның қалыптасқан жағдайын «шешімі қиын» деп сипаттаған.