Астанада түнде «Лазурный квартал» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің бірінен өрт шықты. Құтқарушылар ғимараттан жеті адамды қауіпсіз жерге шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өрт 13-қабаттағы пәтерден шыққан. Жалын 15 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өрт туралы хабар 112 пультіне түнгі сағат 03:45-те түскен. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жауды сөндіруге кірісті.
Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 04:13-те өрттің таралуына жол берілмей, тоғыз минуттан кейін толық сөндірілген.
Оқиға кезінде ТЖД қызметкерлері екі адамды құтқарды. Тағы бес тұрғын ғимараттан эвакуацияланды.
Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар қызметінің 25 маманы жұмылдырылды.
Қазір оның шығу себебі анықталып жатыр.