Индонезияның көші-қон полициясы Балидегі туристер көп баратын аудандарда жүргізілген рейд кезінде Қазақстан азаматын ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz antaranews.com сайтына сілтеме жасап.
Мән-жай
Операция барысында барлығы 13 шетелдік - 12 әйел мен бір ер адам ұсталған. Рейдтер Чангу, Семиньяк және Умалас аудандарында өтті. Тексеру жергілікті тұрғындардан түскен ақпараттан кейін басталған.
Құқық қорғау органдары шетел азаматтарының интернеттегі және әлеуметтік желілердегі белсенділігін де бақылаған.
Умалас ауданында көші-қон қызметінің мамандары виллалардың бірін тексеріп, төрт әйелді ұстады. Олардың үшеуі - Ресей, біреуі Қазақстан азаматы.
Кейін осы ауданда Нигерияның тағы төрт азаматшасы ұсталған.
Индонезия билігінің мәліметінше, ұсталғандар елде тұруға берілген рұқсатты заңсыз мақсатта пайдаланды деген күдікке ілінген. Алайда Қазақстан азаматына нақты қандай заңбұзушылық бойынша айып тағылып отырғаны ресми түрде айтылған жоқ.
Қазір ұсталғандар Нгурах-Рай көші-қон басқармасында тексеріліп, жауап алынып жатыр.
Индонезия билігі көші-қон заңнамасын бұзған азаматтар елден шығарылып, оларға бес жылға дейін Индонезияға кіруге тыйым салынуы мүмкін екенін мәлімдеді.
Тергеу қорытындысына қарай қылмыстық іс қозғалуы да ықтимал.
Бұған дейін осы операция кезінде Чангу ауданында Ресей азаматы мен Украина азаматы ұсталған.
Ресейлік әйел елде тұруға берілген рұқсатты жыныстық қызмет көрсету мақсатында пайдаланған деген күдікке ілінсе, Украина азаматы осы әрекетке көмектесті деген күдікпен ұсталған.
Алайда Индонезия билігі бұл күдіктердің Қазақстан азаматшасына қандай да бір қатысы бар екенін мәлімдеген жоқ.