Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Аичи - Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында алтын медаль иеленді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бесінші алтын медаль
Луценко жекелей сында үздік нәтиже көрсетті. Бұл - спортшының Азия ойындары мансабындағы бесінші алтын медалі.
Ол құрлықтық додадағы алғашқы чемпиондық атағын 2014 жылы Инчхонда жеңіп алған. Сол жолы жекелей жарыста топ жарды.
2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарында Луценко топтық және жекелей жарыстарда екі алтын медаль иеленді.
Ал 2022 жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында ол жекелей жарыста тағы да жеңіске жетіп, топтық сында күміс жүлде алды.
Осылайша, Луценко 2014 жылдан бері Азия ойындарындағы тасжол велоспорты бәсекелерінде жүлдесіз қалған емес.
Спортшының келесі жарысы 23 қыркүйекке жоспарланған. Қазақстандық велошабандоз топтық сынға қатысып, Азия ойындарының тағы бір жүлдесі үшін таласады.
Мән-жай
Азия ойындары немесе Азиада - Азия Олимпиадалық кеңесінің ұйымдастыруымен төрт жылда бір рет өтетін құрлықтағы ең ірі мультиспорттық жарыс.
Алғашқы Азия ойындары 1951 жылы Нью-Делиде өткен.
2026 жылы ХХ жазғы Азия ойындары Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп жатыр.
Жарысқа Азияның 45 елі мен өңірінен спортшылар қатысады. Бағдарламаға 43 спорт түрі еніп, 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық велошабандоз Рината Сұлтанова да жекелей сында алтын медаль жеңіп алған еді.