Қазақстандық каратэші Софья Берульцева Жапонияның Аичи - Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Берульцева 68 келіден жоғары салмақ дәрежесінде топ жарды.
Финалда қазақстандық спортшы Таиланд өкілі Маниван Буцуванмен кездесіп, қарсыласын 8:0 есебімен айқын жеңді.
Финалға дейін Берульцева Сауд Арабиясының өкілі Дина Мостафаны жеңсе, жартылай финалда непалдық Арика Гурунгтен басым түсті.
Бұл - Софья Берульцеваның Азия ойындарындағы екінші алтын медалі. Ол 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азиадада да 68 келіден жоғары салмақта чемпион атанған еді.
Берульцева – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері әрі Қазақстан каратэ құрамасының көшбасшы спортшыларының бірі.
Оның алтыны Қазақстан құрамасының Азия ойындарының алғашқы жарыс күнінде жеңіп алған төртінші алтын медалі болды.
Азия ойындары немесе Азиада - Азия Олимпиадалық кеңесінің ұйымдастыруымен төрт жылда бір рет өтетін құрлықтағы ең ірі мультиспорттық жарыс.
Алғашқы Азия ойындары 1951 жылы Нью-Делиде өткен.
2026 жылғы ХХ жазғы Азия ойындары Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтіп жатыр.
Жарысқа Азияның 45 елі мен өңірінен спортшылар қатысады. Бағдарламаға 43 спорт түрі еніп, 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
Еске салайық, бұған дейін велошабандоз Рината Сұлтанова жекелей жарыста алтын медаль жеңіп алды. Кейін Алексей Луценко да ел қоржынына алтын салды. Ал каратэші Жоламан Биғабыл өз салмағында Азия ойындарының чемпионы атанды.